Жастардың денсаулық орталығы ашылды

Салауатты өмір салтын қалыптастырудың басты басымдықтарының бірі – балалар мен жастар денсаулығын сақтау мен нығайту. Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауларында ұлт саулығын нығайту,  жастар мәселесін алға қою, әсіресе олардың денсаулығы турасында көптеген дүниелер аталып өтіледі. ҚР Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы №113 қаулысымен бекітілген ҚР денсаулық сақтау   саласын дамытуға бағытталған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2006 жылғы 19 қазандағы  №491 «Жастарға достық қарым-қатынас қызметін ендіру туралы»  бұйрығын жүзеге асыру мақсатында  Панфилов аудандық орталық ауруханасында «Жастар денсаулық орталығы» ашылып, өз жұмысына кірісті.

 

                Жастар денсаулық орталығының ашылуына колледж студенттері мен ұстаздар, медицина саласының жас мамандары қатысты. Алғашқы сөз кезегін алған аудандық аурухана директорының  ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары М.Мұхаметжанұлы   ел ертеңі – жастар екендігін, ал жастардың денсаулығы мықты болмаса, ел болашағының жарқын болуы да шамалы екенін айтты. Осыдан кейін аудандық аурухананың эпидемиолог дәрігері, жастар денсаулық орталығының төрайымы   П.Қайназар орталықтың атқаратын қызметтері, қандай бағыттар бойынша жұмыс жасайтыны туралы баяндама жасады.

                Аудан жастарының денсаулығын қарайтын орталықтың барлық қызметі 14-29 жас аралығындағы жастарға толықтай көмек қолын  созуға       дайын.  Жастар денсаулық орталығы мынадай  қағидаларға сүйене отырып, жұмыс істейді:

- Еркітілік;

- Сенім;

- Тілектестік;

- Қолжетімділік.

                Орталыққа келушілердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, оларға кешенді медициналық, психологиялық, әлеуметтік жағынан көмек көрсетіледі.  Оның ішінде, отбасын жоспарлау, маскүнемдік пен нашақорлықтың, ВИЧ инфекциясының, стресті және құлазу жағдайларының, қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары жүргізіледі  және құқықтық кеңестер беріледі. Және бастапқы медициналық-санитарлық көмек, диагностикалық-кеңес медициналық көмегі де көрсетіледі.

                Орталықтың ашылуы туберкулездің алдын алу айлығына сәйкес келгендіктен, жастарға алғашқы семинар-дәріс ретінде  аталмыш ауру жайында мәлімет беріліп, арнайы дайындалған слайд пен бейнероликтер көрсетілді. Аурудың алғашқы белгілері, одан қорғану, алдын алу шаралары, аудан көлеміндегі  көрсеткіштер туралы аудандық аурухананың салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы Г.Сабазова баяндады.  Сонымен бірге аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Ғ.Меделбеков сөз сөйлеп, жастарды салауатты өмір салтын қалыптастыруға, аурулардың алдын алуға шақырды.

                Айта кететіні, қазіргі кезде жастар денсаулығы көкейкесті мәселе болып  табылады.  Себебі жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олардың денсаулығы - ұлт саулығының кепілі. Жасөспірімдер мен жастарға қамқорлық көрсететін осындай орталықтар олардың мәселелерін түсіну арқылы – қоғам үшін маңызды мәселелерді шешу, денсаулығын нығайтуға  үлкен септігін тигізері анық. 

                Жастар денсаулық орталығының мекен-жайы: Жаркент қаласы, Л.Асанова көшесі, 12;  Панфилов аудандық ауруханасы, 3- қабат.

Жансая  Кенжебек.

 

Күнтізбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4142718