«Вакцина Індетті тоқтатады»

20.05.2021ж

COVID-19-әлемді алаңдатып отырған дерттің бірі. Коронавирусқа қарсы вакцина қазіргі қиын жағдайдан шығудың жалғыз жолы. Мұны дәрігерлер мен ғалымдар қайта-қайта айтып, «ұжымдық иммунитетті қалыптастыру» үшін жылдамдатып вакцина салу қажеттілігін ескертіп отыр.

Қазіргі таңда вакцина барлық азаматтарға тегін және ерікті түрде салынады.
Елімізде 1 ақпаннан бастап Ресейден әкелінген препараттармен жаппай вакциналау жүргізіліп жатыр.
Ең бірінші болып бас мемлекеттік санитар дәрігерлер өздері салдырды. Ал өзімізде өндірілген «Спутник-V» вакцинасы 15 ақпаннан бастап қолданыла бастады.
Жоспар бойынша жыл соңына дейін он миллион адамға вакцина егу көзделген, соның ішінде екі миллион адам бірінші жартыжылдықта вакцина алуы керек. Ақпан айында - 100 мың, наурызда - 150 мың және сәуірде 600 мың адамға екпе егіледі деп меже қойылды.
Алайда алғашқы екі айда халықтың 0,1 пайызға жетер-жетпес бөлігі ғана коронавирусқа қарсы вакцина алды. Бұл басқа елдермен салыстырғанда өте баяу көрсеткіш болды. Сол себепті бұл мәселеге Мемлекет басшысы араласып, нақты тапсырмалар берді. Осыдан кейін ғана вакцина егу науқаны қарқынды жүре бастады.
Ауданымызда халықты ресейлік және отандық, шетелдік екпемен жаппай егу жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 9 мыңнан астам адам Covid-19 вакцинасымен егілген. Бұл әлі жалғасады.
Бүгінде вакцина мәселесіне қатысты оқырмандардан сұрақ көп. Күн сайын әртүрлі ақпарат тарап жатыр. Осы орайда осы екпеге қатысты аудандағы КВИ-19 бөлімінің дәрігері Айида Сейітқызы Жұмабековамен тілдескен едік.

-Айида Жұмабекқызы, пандемия кезінде қызметін тоқтатпаған бір мекеме болса, ол өздеріңіздің сала. Ақ халатты абзал жандар күн-түн демей, кідіріссіз қызмет етіп келеді. Бүгінде біз сіздердің қызметтеріңізді ерлікке балаймыз. Десек те осы екпеге қатысты маңызды деген бірнеше сауал қойсам:
-Жалпы вакцина аларда қандай да бір дайындық күтім қажет пе?
-Ең алдымен асқынған ауруыңыз болмауы қажет. Өзге ешқандай дайындық керек емес. Вакцина алмас бұрын сізді дәрігер қарап, денсаулығыңызға қатысты бірнеше сұрақ қояды. Дене қызуыңызды, қан қысымыңызды өлшейді, жүрегіңізді, өкпеңізді, тамағыңызды тексеріп, еш жеріңіз ауырмайтынына көз жеткізеді.
-Вакцина алғаннан кейін қандай күтім қажет?
-Иә, вакцина алғаннан кейін күтіну қажет. Екпеден кейін 3 күн ішінде инъекцияның орнын суламау қажет, моншаға түсуге болмайды, ішімдіктен аулақ болу керек, ауыр жұмыс істеуге болмайды.
-Вакцина алғаннан кейін қандай да бір өзгеріс бола ма?
-Екпеден кейін коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптасады. Қысқа мерзімді тұмаудікіне ұқсас синдромдар, инъекция орнының ауырсынуы, гиперемия, ісіну болуы мүмкін. Бірақ 3 күн ішінде басылады.
-Екпеден кейін ауырып қалу мүмкін екені де айтылып жатыр...
Иә, себебі адам екпе салғызған күні вирус жұқтыруы мүмкін. Вакцинада антидене болмайды, оларды организм вакцинаға жауап ретінде түзеді. Антидене түзу үшін ағзаға уақыт керек. Әдетте ол 2-3 аптаға созылады. Спутник V-ің бірінші және екінші дозадан кейін 2-3 апта өткен соң ғана организмді қорғайтын антидененің жеткілікті дәрежесі түзіледі.
-Вакцинаның бірінші дозасынан кейін вирус жұқтырған жағдайда не істеу керек?
-Ондай жағдайда адам коронавируспен ауырған болып саналады және вакцинаны 6 айдан кейін алады.
-Ауырғаннан кейінгі және вакцина алғаннан кейінгі антидененің айырмашылығы қандай?
-Вакцина алғаннан кейінгі антидене сіздің қалай ауырғаныңызға байланысты түзіледі.
-Вакцина алғаннан кейін маскасыз жүруге бола ма?
-Вакцинадан соң масканы шешкен дұрыс емес, өйткені вакцина иммунды жүйені ынталандырып, антидене түзеді. Еліміздегі ересек адамдардың 60 пайызы вакцина алып, ұжымдық иммунитет пайда болғанға дейін маска тағып жүруіміз керек.
-Вакцинаны кімдер салдырмайды?
-Адам соңғы алты айдың ішінде коронавируспен ауырып шықса, вакцина алудың қажеті жоқ. Бұдан бөлек, жүкті әйелдерге, ауыр аллергиясы мен вакцинаның құрамындағы заттар жоғары сезімталдығы бар адамдарға, 18 жасқа толмағандарға және 65 жастан асқандарға салынбайды. Сонымен қатар бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары, эндокриндік жүйенің бұзылуы (қант диабеті), қан түзілімі жүйесінің ауыр аурулары, эпилепсия, инсульт және басқа да орталық жүйке жүйесінің аурулары, жүрек-қан тамыр аурулары, иммун тапшылығы, аутоиммунды аурулар, өкпе аурулары, демікпе және өкпесінің обструктивті аурулары, метоболиттік синдром мен диабет, аллергиялық реакциялар, атопия мен экзема, қатерлі аурулар, соның ішінде қан ауруларымен ауыратын адамдар вакцина алмайды.
Егер дене қызуы 37 градустан жоғары болса, вакцинация кейінге шегеріледі.
-Вакцинаның әсері қанша уақытқа жетеді?
-Наурыз айының соңындағы мәлімет бойынша вакцинаның әсері 1 жылға жетеді деген болатын. Әсері 6 айға ғана жетеді деген де мәлімет те айтылып жүр. Бірақ қазіргі кезде екпенің әсері 2 жылға жететіні мәлім болды.
Әлем бұрын-соңды басынан өткерген аса қауіпті шешек, оспа, оба, тырысқақ сияқты індеттердің беті екпе арқылы қайтарылғаны мәлім. Ол кезде адамдар зор тәуекелге бас тіккен. Коронавирус пандемиясы басталған кезде де жаһан жұрты екпеге зор сенім артты. Не десек те бүкіл әлем күдік аралас үміттің табалдырығында тұр.
Сұхбаттасқан:
Бағдат Бейсенқызы.

Күнтізбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4127801