Алматы облысында сақтандыру мәртебесіне ие болмаған 400 мыңнан астам адам бар

30.11.2020ж

Алматы облысында азаматтарды емханаға тіркеу науқаны аяқталды. Жыл сайын қыркүйек-қараша айларының аралығында өтетін дәстүрлі науқан барысында 9 мыңға жуық облыс тұрғыны емхана ауыстырды.

Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Отарғалиев мәлімдеді.Оның айтуынша, емханаға тіркелу үрдісінің маңызы зор. Себебі кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде қызметтерді жоспарлы пайдалану үшін  емханаға тіркелу қажет.

 «Алматы облысы бойынша емханаға тіркелген азаматтардың саны 2 096 528 адамды құрайды. Ағымдағы жылдың тіркеу науқанына 38 емхана қатысты, оның 3-еуі жаңа, жеке меншік медициналық ұйымдар. Аталған медициналық ұйымдардың барлығы халыққа 2021 жылдың 1-қаңтарынан бастап қызмет көрсете бастайды»,– дейді Нұрлан Отарғалиев.

 Еске сала кетсек, азаматтардың емхана ауыстыру құқығы дәстүрлі науқанмен шектелмейді. Заң бойынша емхананы тұрғылықты мекен-жайын, жұмысын немесе оқу орнын ауыстырғанда, басқа жаққа қоныс аударғанда, тіркелу емханасы қайта құрылып немесе қызмет көрсетуді тоқтатқанда да ауыстыруға болады. Сонымен қатар, жылына 1 рет еркін таңдау бойынша тіркелу құқығы әр азаматта бар.

 «Бүгінгі таңда Алматы облысы бойынша 484 364  адам сақтандыру мәртебесіне ие болмаған. Алайда, сақандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқылы. Бірақ, жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет»,– деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы облысы бойынша филиалының директоры.

 Сақтандыру мәртебесін Электрондық үкімет порталында, қор сайтында және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы білуге болады.