Басты назарда- реформаларды жүзеге асыру

Еліміздің кеден саласында кеден үдерістерін автоматтандыру мақсатында «Астана-1» ақпараттық жүйесі енгізілді. Бұл кешенді жүйе кезең-кезеңмен енгізіліп жатыр. Алтынкөл кеден бекеті «Жаркент» өткізу пунктінің басшысының орынбасары Әлім Жусанбаевтың айтуынша, 2017 жылдың бірінші қазанынан бастап, кедендік транзит  бойынша  электрондық декларациялау   іске қосылса, 1 қаңтардан бастап экспорт режимі, ал 1 сәуірден бастап импорттың барлық түріне электрондық декларациялау іске қосылды.

 

                Еліміздін «Астана-1» АЖ жобасын енгізудің  басты мақсаты «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Елбасы ұсынған салықтық және кедендік әкімшілендіру саласындағы реформаларды жүзеге асыру мақсатында, соның ішінде ең алдымен кәсіпкерлердің құқықтарын және заңды мүдделерін қорғауға, бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасауға және электрондық декларациялау жүйесін енгізуге  бағытталған 38-қадамының нұсқауын орындау болып табылады.

                Бүгінгі күнде бұл жүйе кеден саласындағы барлық кедендік рәсімдерді, операцияларды қамтиды және ҚР ҚМ МКК салықтық деректер базасымен интеграцияланған. Сондай-ақ ҚР басқа мемлекеттік органдарымен және ЕАЭО елдерімен ақпараттық өзара байланысты жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. «Астана-1» жүйесі алдын ала ақпарат берілген сәттен бастап тауар шығарылғаннан кейінгі бақылауға дейін кедендік үдерістерге автоматты түрде бақылау жасайды.

                Бұл жобаның басты артықшылықтарын тізбелеп өтетін болсақ, жүк алушы мен кеден органының лауазымды тұлғасының арасында байланыс үзілді, кедендік операциялар және рәсімдер барынша тездетіп жеңілдетілді, халықаралық стандарттарға және алдыңғы тәжірибеге бірыңғайландырылды, экспорттық-импорттық операцияларды жасау үшін арналған құжаттар санын және оларды өңдеу уақытын едәуір қысқартты, кеден саласындағы сыбайлас жемқорлық және басқа да құқық бұзушылықтар үшін мүмкін бағыттарды барынша төмендетті.

                Енді бизнес өкілдеріне бұрынғыдай құжаттар жиынымен мемлекеттік органға келуі шарт емес, еліміздің түпкір-түпкірінен өз кабинетіңізде отырып кедендік декларацияңызды электронды түрде жолдауға болады. Бағдарламаның тәуекелдер басқару жүйесі кедендік бақылауды автоматтандырылған түрде жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отырғаны туралы атап өтті.

                Сонымен қатар, Алтынкөл кеден бекеті «Жаркент» өткізу пунктінің басшысының орынбасары Әлім Жусанбаев бұл жүйенің жасыл дәліз, көк дәліз, сары дәліз және қызыл дәліз секілді төрт деңгейге бөлінетінін де  атап өтті. Жасыл  дәліз арқылы құжатында көрсетілген барлық ақпаратқа сәйкес келетін           тауарлар   кеден  қызметінің қатысуынсыз шығарылады. Бүгінгі күнде Алтынкөл кеден бекеті «Жаркент» өткізу пункті бойынша 214-тен   аса электронды декларация тіркеліп шығарылса, соның 50 пайызы автоматты түрде жасыл дәлізбен шығарылған. Ал, қалған декларациялар бойынша кедендік бақылаудың шарттары  қосымша тексерулер тағайындалған және оның аяқталуымен бұл декларациялар да жасыл дәлізге жіберіледі.     Сонымен қатар  кедендік транзит рәсімі бойынша электрондық декларациялау арқылы 22225 транзиттік декларация рәсімі жасалып  шығарылды.

 Мақаш  Серікұлы,

«Алтынкөл» кеден  бекетінің

 бас маманы.